26 қаң, 2021 сағат 11:42

Президент Үкіметке салық саласына қатысты тапсырмалар жүктеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салықтық әкімшілендіру саласына қатысты Үкіметке тапсырмалар жүктеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Президенттің айтуынша, өсімді қалпына келтіру кезеңінде Үкімет жаңа жағдайларға негізделген салықтық-бюджеттік саясатты жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу керек. 

Салықтық әкімшілендіру мәселесі өзекті болып тұрғанына тоқталған Мемлекет басшысы, соңғы кездері кәсіпкерлердің салық органдарына шағым жиілеп кеткенін атап өтті. Шағын қарыздар үшін шоттары бұғатталады. Сонымен қатар есептілікті қабылдау жүйесі үнемі істен шығып жатады.

«Үкіметке «салықтық әкімшілендіру» ҰКП-мен бірлесе салықтық әкімшілендіруді түбегейлі жеңілдету бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын. Ол цифрлық шешімдерге, осы орайда ауқымды мәліметтер мен блокчейн технологиясын пайдалануға негізделуі тиіс», - деді Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы онлайн кассалық аппараттар мен POS-терминалдарды пайдаланған жағдайда, жеке кәсіпкерлерді салықтық есептілікті ұсынудан босату мәселесін қарастыруды тапсырды.