28 нау, 2022 сағат 12:07

Президент Тоқаев Батыр Қазыбаевтың дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтты


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі журналист, медиаменеджер Батыр Қазыбаевтың дүниеден өтуіне байланысты оның анасы танымал қаламгер, ұстаз Орынша Қарабалинаға көңіл айту жеделхатын жолдады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Ардақты ұлыңыз Батыр Кәкімжанұлы ақпарат саласында табысты қызмет етіп, ірі медиажобаларды жүзеге асырды. Отандық ақпараттық порталдар, радио мен телеарналардың негізін қалап, еліміздің журналистика саласының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Өзінің табиғи қарапайымдылығымен, ұшқыр ойларымен және іскерлігімен елге сыйлы болды. Өмірде адал еңбек етіп, өз ісінің білгір маманы ретінде соңына өшпес із қалдырған Батыр Кәкімжанұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды", – деп жазылған Президенттің жеделхатында.

Айта кетейік, кеше, 27 наурызда Tengrinews.kz негізін қалаушы және Alash Media Group холдингінің басшысы Батыр Қазыбаев ұзақ аурудан кейін дүниеден озды. Ол 53 жаста еді.