22 қар, 2019 сағат 11:53

Президент тапсырмасын орындаймыз – Ахметов Бұқтырмаға көпір салу жайында

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Күршім ауданына апаратын Қызыл ту өткеліне көпір міндетті түрде салынатынын мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Көпір туралы мәселе бізге белгілі. Президенттің тапсырмасын сөзсіз орындаймыз. Қазіргі кезде жобамыз бар. Аз уақыттың ішінде өзіміздің арнайы процедурамызды өткіземіз. Менің ойымша, осы жобаға бюджеттен қаражат бөлінеді. Мүмкін оған басқа елдің инвесторы тартылады», - деді Даниал Ахметов бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Облыс әкімі көпір құрылысының жобасы бойынша тендерлік процедура өткізілетінін айтып өтті.

Еске сала кетсек, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Шығыс Қазақстан облысының әкімдігімен бірге Бұқтырма су қоймасы арқылы көпір салу үшін қаржы бөлу мәселесін қарастыруды тапсырған болатын.

«Egemen Qazaqstan» газеті ШҚО Күршім ауданының 20 мыңнан астам тұрғынын толғандырған өзекті мәселені көтерді. Халық 50 жыл бұрын салынған ескі пароммен қатынап жүр. Үкіметке ШҚО әкімдігімен бірге Бұқтырма су қоймасына көпір салу үшін қаржы бөлу мәселесін қарастыруды тапсырамын», - деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.