28 нау, 2022 сағат 23:16

Президент тапсырмасы: сұйытылған газдың алты жеткізушісіне қатысты тергеу аяқталды


Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Президенттің 2022 жылғы 5 қаңтардағы елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал мәселелері жөніндегі кеңесте берген тапсырмасының қалай орындалғанын жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бас прокуратураға Бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірлесіп, бағалық сөз байласу мен өзге де бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттерге қатысты тергеу жүргізуді тапсырамын», - деп тапсырма берген еді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Осылайша, сұйытылған мұнай газын жеткізуші алты ірі көтерме сауда компаниясына қатысты тергеп-тексеру жұмыстары аяқталды. Сұйытылған мұнай газын сатушылар үстемдік жағдайын пайдалана отырып, ең жоғары бағаны белгілеуді көздегені анықталды. 

«Қазақойл Ақтөбе» ЖШС-не әкімшілік айыппұл салу туралы сот шешімі шығарылды (шешім күшіне енген жоқ). 

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ мен «СП Қазгермұнай» ЖШС-не қатысты әкімшілік іс қозғалды және сотқа берілді. «Petrosun» ЖШС мен «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС-не қатысты қылмыстық іс қозғалып, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ға қатысты іс материалдары Қаржылық мониторинг агенттігіне берілді. «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС іс-әрекеттерінде сұйытылған мұнай газын сату кезінде негізсіз қысқарту фактілері анықталды. 

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізетін 193 субъектіге қатысты, оның 89-на Бас прокуратурамен бірлесіп, тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. 

Нарықтағы 65 субъектінің ісінде келісілген әрекеттер және картельдік сөз байласу фактілері анықталды. Ал 45 субъектіге қатысты әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жіберілді. Салынған әкімшілік жазалардың жалпы сомасы – 92 миллион теңге.