Ұлттық Банк Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес коронавирус пандемиясынан туындаған төтенше жағдайға жауап ретінде әзірленген шағын және орта бизнес субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасын табысты іске асыруда, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ұлттық банктің баспасөз қызметінің мәліметінше, Төтенше жағдай нәтижесінде зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілеріне қолдау көрсетіледі. Бұл ретте, барынша көп ШОБ субъектілерін қамтуды арттыру мақсатында бағдарламада қандай да бір салалық шектеулер көзделмейді, сондай-ақ қаржылық жағдайдың нашарлауын растау үшін қажетті құжаттардың нақты тізбесі белгіленбейді. Кәсіпкерлер мен банктер қажетті құжаттар тізбесін дербес айқындайды.
20 қазандағы жағдай бойынша екінші деңгейдегі банктер 564,3 млрд теңге сомасына 2 277 өтініш қабылдады, олар бойынша жоспарланған 600 млрд теңге кезінде 428,7 млрд теңге сомасына (оның ішінде өтеу есебінен 75 млрд теңге) 1 360 ШОК субъектілері қаржыландырылды. Бағдарламаны ең алдымен сауда саласындағы шағын және орта бизнес субъектілері пайдаланды – 297,8 млрд теңге (70%), құрылыс саласында – 43 млрд теңге (10%), өңдеу өнеркәсібінде – 38 млрд теңге (9%) мөлшерінде пайдаланды.