03 шіл, 2019 сағат 13:13

Президент тапсырмасы: Қостанайдағы бастауыш қазақ мектебі жабылмайды

Қостанай қаласындағы қазақ тілінде білім беретін жалғыз бастауыш мектебі жабылмайды. Бұл туралы бүгін облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде қала әкімі Қайрат Ахметов журналистермен кездесуде айтты, деп хабарлайды "ҚазАқпарат".

«Интернетте шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер тарап жатыр. Негізі мәселе жаңа қазақ мектебін көшіруден басталды. Бұл жерде шу көтеріп отырған жұртшылық дұрыс түсінбеген. Біз мектепті жабу емес, оны басқа мекенжайға көшіру туралы ұсыныс айттық, яғни бастауыш мектепті Победа-Бородин көшелері қиылысында орналасқан колледжге көшіру туралы бастама көтерілді. Ата-аналардың пікірі ескеріліп, бастауыш мектеп өз орнында қалатын болды. Сондықтан, БАҚ өкілдеріне ресми ақпаратты ғана таратуды сұраймыз»,- деді Қайрат Ахметов.

Брифингке қатысқан білім беру ісінің үздігі Әсия Беркенова интернетте шу көтерген ата-аналарға сын айтты.

«400 орынға арналған мектепте 600 бала оқып жатыр. Бұл бастауыш мектепте менің де немерелерім оқиды. Бұл тұста ата-аналардың қала басшылығына неге қарсылық білдіргенін түсінбедім. Игілікті істі итеріп барып істейтініміз рас. Сол себепті, жаңадан ашылғалы отырған қазақ мектебін қолдау керек. Ұрпағымызды ойласақ, дұрыс шешім қабылдайық»,- деді Әсия Беркенова.

Жиын қорытындысында облыстық білім басқармасының басшысы Василий Цымбалюк өңірде қазақ мектептерінің жабылмайтынын нақтылады. Оның сөзінше, облыстағы 504 мектептің 120-да мемлекеттік тілде оқытылады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанайдағы қазақ тілінде білім беретін мектептегі күрделі жағдайға байланысты алаңдаушылық білдірген еді

«Жергілікті тұрғындардың пікіріне қарағанда, Қостанайдағы қазақ тілінде білім беретін жалғыз мектепке қатысты күрделі жағдай қалыптасып отыр. Білім министрі және облыс әкімі барлық мәселені жаңа оқу жылына дейін шешуі тиіс», деп жазды Президент Тwitter парақшасында.