«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының БҚО-дағы филиалының директоры Қазбек Мәмбетов өңірде жол салу жұмысы қалай жүріп жатқаны туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Биыл көктемде Мемлекет басшысы ұзақ жылдар бойы шешілмей келе жатқан Батыс Қазақстан облысындағы күре жолдар проблемасы бойынша Үкіметке және аймақ басшысына тапсырмалар жүктеді. Қазір аталған өңірде жол салу және жөндеу бойынша қызу жұмыс жүріп жатыр. Осы орайда жұмыстың барысы туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының БҚО-дағы филиалының директоры Қазбек Мәмбетов айтып берді.
«Біз қазір Қазталов ауданы аумағындағы тасжолда тұрмыз. Яғни бұл жол «Қазталов – Жәнібек одан әрі Ресей шекарасына дейін жалғасады. Бұл жерде күрделі жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Ол дегеніміз жолдың негізін қалап, бетон мен асфальт төселіп жатыр. Біз тұрған учаскеде 13 шақырым жолға асфальт төселді. Жалпы аталған бағыт бойынша 80 шақырым жол асфальтталды. Жолды жергілікті мердігер компаниялар салып жатыр, жұмысшылар да өзіміздікі», - деді Қазбек Мәмбетов баспасөз туры барысында.
Филиал басшысы айтып отырған «Қазталов – Жәнібек - Ресей шекарасына дейін тасжол 3-і санатқа жатады. Ол жерде шамамен 700 адам 500-ге жуық техниканың көмегімен еңбектеніп жатыр.
«Жол құрылысы материалдарын жеткізудің 2 жолы бар. Бірі Ақтөбеден шығып Атырау облысын айналып Ресей жақ арқылы жеткізіледі. Екінші жолы Орал аумағы арқылы жеткізу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар кейбір материалдар Ресейден әкелінеді. Бүгінде материалдар жеткізу мәселесін шешіп, жеделдету үшін Қазақстан темір жолы компаниясымен келісімге келім жатырмыз. Жол салу жұмыстарына 8 мың вагон материал жеткізілуі тиіс. Қазіргі уақытта 1,5 мың вагон материал жеткізілді. Қалған материалдар да уақытылы келеді деп ойлаймыз. Одан бөлек, қазір «Өнеге – Бисен – Сайқын» бағыты бойынша 103 шақырым жолға күрделі жөндеу жұмысы жүруде», - дейді ол.
Аталған жол учаскесі БҚО-ның Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы ауданының аумағын жалғастырып жатыр.
«Қазір бұл жолдағы көлік қатынасының қарқыны жоғары емес. Жол салынып біткен соң көлік қарқыны өседі деп күтілуде. Жалпы БҚО бойынша республикалық маңызы бар тасжолдың ұзындығы 1414 шақырымды құрайды. Биыл республикалық бюджеттен жол салу және жөндеу жұмысына 15 млрд теңге бөлінді», - деді Мәмбетов.
Бұған дейін облыстық ҚазАвтоЖол басшысы БҚО-дағы тасжолдардың 62%-інің жағдайы қанағаттанарлық деп мәлімдеген еді.