Биыл Мемлекет басшысы ірі бизнес өкілдеріне отандық оқу орындарын қамқорлығына алу туралы ұсыныс жасаған еді. Осы орайда аталған ұсыныс қолдау тауып, колледждерді өз қамқорлығына алатын ірі кәсіпорындардың тізбесі айқындалды.
Бұл туралы ҚР БҒМ Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің директоры Насымжан Оспанова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Президент тапсырмасына сәйкес өңірлерде колледждерді ірі бизнестің қамқорлығына беру практикасы енгізілді. Облыс әкімдіктері «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, колледждерді өз қамқорлығына алатын ірі кәсіпорындардың тізбесін айқындады. Қазіргі уақытта 282 колледжді 343 компания өз қамқорлығына алу бойынша келісімдерге қол қойды», - деді Насымжан Оспанова Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, кәсіпорындар колледждердің қамқоршылық кеңесінің құрамына енеді.
«Сонымен қатар аталған кәсіпорындар қамқорлығына алған колледждің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, студенттердің практика мен тағылымдамадан өтуіне қолдау көрсетеді. Жалпы біздің министрліктің жұмысы Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға және кадрлар даярлаудың сапасын арттыруға бағытталады», - дейді ол.
Еске сала кетсек, биыл қаңтарда Мемлекет басшысы еліміздің ірі бизнес өкілдерімен кездесуі барысында бизнесті отандық жоғары оқу орындарын қамқорлыққа алуға шақырған еді .
«Мәселен, білікті кадрлардың, әсіресе техникалық мамандықтар бойынша жоқтығына шағымданғанның орнына ірі бизнес колледждерді қамқорлыққа алып,, олардың қамқоршылық кеңесіне кіріп, жастарды тәжірибеге неге алмасқа, зертханалар мен шеберханаларды жабдықтамасқа? Бұл бағытта жұмыс істеп жатқан жекелеген корпорациялардың бар екендігін білемін. Дегенмен, мұны жаппай жолға қою керек», - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.