18 қар, 2021 сағат 17:23

Президент сыртқы істер саласындағы мамандар тұрақсыздығына алаңдаушылық білдірді


ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде саладағы білікті мамандардың ведомстводан кетуіне алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бесінші мәселе – Қазақстан дипломатиясының жаңа келбетін қалыптастыру. Біздің дипломатиялық қызметке тың серпіліс қажет. Білікті мамандардың Сыртқы істер министрлігінен кетуі оның кадрлық әлеуетін әлсіретуде. Бұл – шын мәнінде, өзекті мәселе. 

Мен осы министрлік ең консервативті құрылымның бірі екенін білемін. Мұның жақсы жағы да бар. Дәстүр сақталады, кәсіби дипломаттар шоғыры қалыптасады. Дегенмен, жағымсыз жағы да жоқ емес», - деген Президент білімді, білікті әрі елге адал қызмет еткісі келетін жастар үшін министрлікке жұмысқа тұру – «алынбас қамалдай» екенін атады.

Айтуынша, ахуалды түзеп, кадр саясатын түбегейлі қайта қарайтын кез келді. 

«Дипломатиялық қызметке, ең алдымен, көзі ашық, көкірегі ояу, отаншыл мамандар қажет. Қазақстан атынан шет мемлекеттерде қызмет істеп жүрген дипломаттарымыз шетел тілдерін ғана емес, алдымен мемлекеттік тілді білуі керек. 

Сөз соңында тағы да қайталап айтамын: Қазақстанның сыртқы саясатындағы негізгі бағыттарды жүзеге асыру үшін тиісті жұмысты тың қарқынмен жалғастыру керек. Яғни, уақыт сынынан өткен ұстанымдарды жаңа шешімдермен ұштастыру қажет. Осы орайда, дипломаттарымыз қашанда ел мүддесіне адал болады деп сенемін», - деді Мемлекет басшысы.