Қаңтар оқиғалары мемлекеттілігіміз үшін зор сынақ болды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауы барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Президент қаңтар оқиғасы кезінде бітімгершілік күштері елімізде бірде-бір оқ атпағанын атап өтті.
«Стратегиялық нысандардың қауіпсіздігін ғана қамтамасыз етті. Бұған алдын ала жасалған келісімнің нәтижесінде қол жеткіздік. Жағдай тұрақтанған соң, екі аптадан кейін олар Қазақстаннан толық шығарылды. Бұл - көптарапты қарулы контингент, оның құрамында Қазақстан да бар. Бітімгершілік миссиясының маңызды рөлін жоққа шығаруға болмайды. Бірақ, түптеп келгенде, біз содырларды өз күшімізбен жеңдік», - деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің құқық қорғау органдарына қатысты пікір білдірді.
«Сатқындардың опасыздығы құқық қорғау органдарының беделіне нұқсан келтірмеуге тиіс. Онда қызмет ететін азаматтар да – өз бауырларымыз. Олар елмен бірге екенін, туған халқы үшін қасық қаны қалғанша күресетінін дәлелдеді. Отан алдындағы антына адал болып, мемлекетімізді жанқиярлықпен қорғады. Мен сын сағатта қатерге қаймықпай қарсы тұрған тәртіп сақшыларына ризашылық білдіремін. Сондай-ақ азаматтарымыз ерікті түрде өз ішіннен жасақ құрып, қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысты. Жауапты сәтте бірлік пен жанашырлықтың бірегей үлгісін көрсеткен барша азаматқа алғыс айтамын. Осы күндерде халқымыз кез келген қауіп-қатерді жеңе алатын біртұтас ел екенін танытты, отаншылдық рухының арқасында қасиетті Тәуелсіздігімізді сақтап қалды. Шын мәнінде, қаңтар оқиғалары мемлекеттілігіміз үшін зор сынақ болды. Біз жардың шетінде тұрдық. Бір қадамды қате жасасақ немесе батыл әрекет етпесек, мемлекетіміз құрдымға кететін еді», - деді Мемлекет басшысы.