17 там, 2021 сағат 16:35

Президент сапары: «Бәйтерек» холдингі мен кореялық KHUG корпорациясы меморандумға қол қойды


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасындағы мемлекеттік сапарына қатысушы делегация құрамында «Бәйтерек» холдингінің «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры мен Қазақстандық тұрғын үй компаниясының басшылары да бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Президент сапарының аясында екі елдің ірі компания басшыларының кездесуі өткен болатын. Осы шараға қатысқан «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы Айдар Әріпханов Қазақстандық тұрғын үй компаниясының серіктесі Корея Республикасы Тұрғын үйге кепілдік беру корпорациясының (KHUG), сондай-ақ «Даму» қорымен серіктесі Корея шағын және орта кәсіпкерлік, стартаптар агенттігінің (KOSME) басшылығымен екіжақты кездесулер өткізді. 

Сапар аясында «Бәйтерек» холдингі, ҚТК және KHUG арасында өзара түсіністік туралы үшжақты меморандумға қол қойылды. Тараптар тұрғын үй құрылысына үлестік салымдарға кепілдік беру жүйесін дамыту және бірлескен бастамаларды іске асыру саласындағы ынтымақтастықты дамытып, қолдауға ниетті екендерін білдірді. 

«Кореяның тұрғын үйге кепілдік беру корпорациясының бұл салада көп жылдық тәжірибесі бар екенін ескерсек, бұл біз үшін маңызды. 2018 жылы сол кездегі Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры алғаш рет KHUG-мен меморандумға қол қойған болатын. Сол ынтымақтастықты енді Бірыңғай тұрғын үй құрылыс операторы жалғастырып отыр», - деді Айдар Әріпханов құжатқа қол қойғаннан кейін.

Сондай-ақ, «Даму» қоры мен KOSME арасында да өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. 

Бұл құжатты былтыр күшін жойған аяқталған 2016 жылғы ынтымақтастық туралы келісімдердің жалғасы деуге болады. Осы уақыт ішінде шағын және орта бизнесті қолдау саласындағы озық тәжірибені зерделеу, «Даму» қорының жұмысына табысты кореялық тетіктерді енгізу үшін бірқатар шаралар қабылданған болатын. 

Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары Көк үйдегі ресми рәсімнен басталды. Қазақстан Президентін Оңтүстік Корея Президенті Мун Чжэ Ин салтанатты түрде қарсы алып, құрмет көрсетті. 

Оңтүстік Корея Президентінің резиденциясында өткен екіжақты кездесуде тараптар қазақ-корей стратегиялық әріптестігін одан ары дамытудың перспективаларын жан-жақты талқылады. Сонымен қатар мемлекеттер басшылары ғаламдық және аймақтық өзекті мәселелерді қарастырып, халықаралық құрылымдардағы өзара ынтымақтастықты талқылады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Мун Чжэ Инге корей жерінде көрсетілген құрмет пен қонақжайлығы үшін ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысы 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен кездесудің қазақ-корей қарым-қатынасына тың серпін бергенін айтты.