Мемлекет басшысы Елордадағы №23 орта мектепке барды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
Мектепті аралау барысында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Президентке астананы дамыту жөніндегі кеңесте берілген тапсырмалардың орындалуы туралы баяндады. Оның айтуынша, биыл 5 мың орындық 6 жаңа мектеп, ал 2020 жылы 9 мың орындық 12 мектеп пайдалануға беріледі.
Мемлекет басшысына Елорда халқының 25 пайызы тұратын қала аумағындағы 16 тұрғын үй алабын дамыту жөніндегі тапсырмаларының жүзеге асырылу жайында да мәлімет берілді. Сондай-ақ Алтай Көлгінов қазіргі уақытта қалада үш ауысымды 8 мектеп барын, келешекте олардың саны орташа есеппен жыл сайын 10-12 мектепке артатынын айтты.
Сонымен қатар әкім Президенттің тапсырмасы бойынша бұқаралық спортты дамыту мақсатында 4 жаңа спорт нысанының құрылысы басталғанын хабарлады.
Мемлекет басшысы №23 мектептің материалдық-техникалық базасымен танысып, оқу кабинеттерін аралады, оқушылармен және мұғалімдермен әңгімелесті. Мұғалімдер Президентке мектептің қажеттіліктері туралы айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев мектептің түйткілді мәселелерімен таныс екенін, аталған ауданда қысқа мерзім ішінде жаңа мектеп салу жөнінде тапсырма бергенін атап өтті.
– Бұл – іске асатын жоспар. Сіздерге алдағы уақытта жаңа мектепте жұмыс істеуге мүмкіндік болады, – деді Мемлекет басшысы.