19 қаз, 2022 сағат 15:42

Президент Қонаев қаласында еңбек ардагерлерімен, спортшылармен жүздесті


Президент Дінмұхамед Қонаев ескерткіші жанында облыс тұрғындарымен жүздесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Алматы облысы жұртшылығымен кездесуден кейін Дінмұхамед Қонаев ескерткіші жанындағы аллеяда қаланың қалыптасуына үлес қосқан еңбек ардагерлерімен, республикаға, облысқа танымал спортшылармен жүздесті.

Қаланың құрметті азаматы, еңбек ардагері Александр Чжен қалаға Қонаевтың есімін бергені үшін Президентке алғыс айтты.


«Огни Алатау» газетінің бұрынғы журналисі, жазушы Владимир Таран Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қапшағай қаласы туралы өзі жазған «Солнечный город. Страницы истории» кітабын сыйға тартты.

Сонымен қатар ұлттық спортты дәріптеуші Тимур Сыпатаев «Қазақ елінің бірлігі, ынтымағы осы шегедей мықты болсын»  деген тілекпен темірден түйін түйіп, Президентке тарту етті.


Президент Алматы облысының орталығын Қонаев қаласына көшіру туралы шешімі өңірді өркендету үшін маңызды қадам болғанын атап өтіп, енді қала одан әрі қарқынды дамитынына сенім білдірді.

Сонымен қатар Президент аллея бойымен жүріп өтіп, балаларымен бірге серуендеп жүрген отбасылармен әңгімелесті.

Тұрғындар Қонаев қаласы Алматы облысының орталығына айналғалы бері шаһардың шырайы кіре бастағанын жеткізді.