13 қыр, 2018 сағат 10:04

Теңгенің құнсыздануына "сыртқы факторлар" ғана кінәлі ме?

Мәжілістің соңғы пленарлық отырысында ҚХКП фракциясы атынан Үкімет басшысы Б.Сағынтаев пен Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышевтің атына депутаттық сауал жолдаған Айқын Қоңыров теңгенің құнсыздану проблемасын жеңілдету бойынша ерекше ұсыныс жасады.

Онда былай делінген: «Ұлттық валютамыз - теңгенің құнсыздануына Үкімет пен Ұлттық банктың айтатын жауаптары белгілі. Олардың айтатыны, жұрттың бәрі білетін, АҚШ-тағы доллардың нығаюы, дамушы рыноктардан капиталдың сыртқа ағылуы және антиресейлік санкциялар. Осындай сыртқы факторларға сілтеме жасап, ал өзіміз болып жатқан жағдайларға қол қусырып қарап отыра берсек - Ұлттық банк болжап отырған үлкен инфляция келгенде екі қолымызды төбемізге қойып шыға келуден басқа жол қалмайтын сияқты.

Бірақ бұлай істеуге болмайды, инфляцияның соққысын азайту үшін белсенді жұмыс істеуіміз керек. Ең алдымен зейнетақы жинақтау қорындағы салымдарымыз бен ұлттық валютада жиналып жатқан депозиттерді қорғаудың жолын қарастырғанымыз жөн. Ол үшін теңгенің құнсыздану курсына сәйкес аталмыш салымдарды индексациялау (қосымшалар есептеу) керек. Қазақстан коммунистерінің ойынша бұл - халықтың  салымдарының сақталуына мүмкіндік береді және мемлекеттің валюта рыногындағы алыпсатарлық ойындарға қарсы әрекеттерін күшейтеді. Ал жалпы айтатын болсақ, бұл бизнес пен тұрғындар арасында қолайлы да сенімді ахуал тудырып, тұрғындардың өз қаражатын елде сақтауына және болашағы үшін жұмсауына ынталандырады.    

Әрине, Үкімет мұндай индексация жасау үшін қаражатты қайдан табамыз деп шалқасынан түсері даусыз. Біз оның жолын да көрсетіп бергіміз келеді.

Біздің елдің валюталық түсімі негізінен мұнай сатудан құралатыны белгілі. Ендеше оның өсімінен түскен қаражатты осы индексациялау ісін қаржыландыруға жұмсау керек деп санаймыз.  Осыдан екі жыл бұрын бір баррель мұнайдың сату бағасы 45 доллар еді. Сол кездегі 1 доллар 340 теңге болатын. Сөйтіп біз бір баррель мұнай сатқаннан 15300 теңге кіріс алатынбыз. Қазір бір баррель мұнай 80 долларға жетті. Демек біз оның бір баррелін сатқаннан 30400 теңге түсірудеміз. Мұнай саласы ешқандай қосымша шығын шығармай-ақ қазір теңге курсының өзгеруімен бұрынғыдан екі есе артық табыс тауып отыр. Біздің есеп бойынша осы «табыспен» ғана олар жылына 3 трлн. теңге артық ақша түсіруде. Міне, осы қаражаттың өзі ұлттық валютамыздың құнсыздануын индексациялауға артығымен жетер еді».

Осылай, коммунистер құнсызданудың қорлығынан құтылудың жолы мен оны тоқтататын қаражаттың көзін де атап берді. Әрине, бұл мәселені шешетін Президент қой, сол бұйрық берсе болды – Үкең бүкеңдей жөнелері хақ. Енді тек Президент соны қолдасын деңіз...  

С.ЕЛЕУ, сарапшы