14 шіл, 2022 сағат 13:34

Президент "ҚазАвтоЖол" мен "Қазақавтодор"-ды біріктіруді тапсырды


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "ҚазАвтоЖол" мен "Қазақавтодор" компанияларын біріктіруді тапсырды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Мемлекет басшысы жол саласын түбегейлі реформалау қажет екенін айтты.

"Қазір еліміздегі жолдың жай-күйін қадағалап, қызмет көрсететін екі негізгі оператор бар. Турасын айтсақ, екеуі де бір жұмысты атқарып отыр, жұмысшыларының саны да қажетті шамадан артық. Соған қарамастан, азаматтардан келіп жатқан орынды арыз-шағымдар азаяр емес, ал жолдың сапасы мүлде сын көтермейді.

Үкіметке «ҚазАвтоЖол» және «Казахавтодорды» біріктіріп, Қазақстанның біртұтас автожол компаниясын құруды тапсырамын. Нәтижесінде қызметкерлердің саны да қысқаратын болады", - деді Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Президенттің айтуынша, бұл саланы кешенді түрде қайта жаңғырту керек.

"FIDIC халықаралық қағидаттарын енгізген жөн. Оны жүзден астам ел пайдаланып отыр. Бұл жүйе жол саласын тиімді басқаруға, бюджет қаражатын ұтымды пайдаланып, барлық деңгейдегі жемқорлық қаупін азайтуға мүмкіндік бермек. Мұндай жүйеге көбі қарсы болады. Бұл жерде министрдің және тиісті вице-премьердің нық ұстанымы қажет. Тұтастай алғанда, осы мәселе бойынша арнайы комиссия құру керек. Оған Үкімет мүшелерін, Президент Әкімшілігі, құқық қорғау органдарының өкілдерін, депутаттарды қосқан жөн. Жарты жыл ішінде барлық кемшілікті, соның ішінде жемқорлықты және олқылықтарды түзетуге бағытталған ұсыныстарды әзірлеп, маған баяндау қажет" - деді Мемлекет басшысы.