15 жел, 2021 сағат 18:21

Президент: Қазақстандағы тыныштық пен тұрақтылық үшін ел иесі – қазақ халқы жауапты


Қазақстандағы тыныштық пен тұрақтылық үшін, ең алдымен, ел иесі – қазақ халқы жауапты. Бұл туралы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шарада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

«Қазақстандағы тыныштық пен тұрақтылық үшін, ең алдымен, ел иесі – қазақ халқы жауапты. Осыны жете түсінетін кез келді. Біз әрдайым кеңпейіл болып, өзге этнос өкілдеріне қамқорлық танытуымыз керек. Сонда ғана берекелі бірлігімізді сақтап, тату-тәтті өмір сүреміз», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент алдымызда болашақ экономикасын жедел қалыптастыру міндеті тұрғанын баса айтты. 

«Жаңа технологиялар, жасанды интеллект, жоғары еңбек өнімділігі, шығармашылық бастамалар оның негізіне айналады. Бұл жұмыста шешуші сөз жастардың еншісінде», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.