16 нау, 2022 сағат 12:41

Президент: Қаңтар оқиғасына кінәлілердің бәрі жазаланады


Қаңтар оқиғасына қатысы бар күштік құрылым өкілдерінің ісі үдемелі қарқынмен, «құпиялық» режимінде жалғасып жатыр. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Күштік құрылымдар мен олардың сыбайластарының өзара ымыраласуына қатысты іс бойынша тергеу құпия жағдайда қарқынды жүргізіліп жатыр. Алдымызда куәгерлерден жауап алу, сараптама жасау және түрлі мәліметтерді зерделеу сияқты қыруар жұмыс бар. 

Бір нәрсені нақты айта аламын: қаскөйлер мұқият ойластырылған ауқымды операция жасады», - деді Мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, қастандық ұйымдастырушылар бұл мақсатқа Алматы қаласын ерекше мақсатта пайдаланбақ болған.

«Олар халқымыздың және шетел қоғамдастығының алдында мемлекеттің жоғары басшылығының абыройын төгіп, биліктен тайдыруды көкседі. Кәсіби дайындықтан өткен содырларды өз мақсатына жету үшін еш қымсынбастан пайдаланды. Оларға еліміздің ең ірі шаһары – Алматыны күл талқан етуді, жұртты әбден үрейлендіріп, дүниеден біржола түңілдіруді, елдегі ахуалдың быт-шытын шығарып, бей-берекет қылуды тапсырды. 

Сондықтан кімнің қандай лауазым иеленіп отырғанына, қоғамдағы орны қандай екеніне қарамастан осы қайғылы оқиғаларға кінәлі адамдар түгелдей лайықты жазасын алатынына уәде беремін. 

Сол күндері қатаң әрі шұғыл шара қабылдаудан басқа амал қалған жоқ. Мен ең шешуші сәттерде елім үшін қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Бұл – менің президенттік әрі перзенттік борышым», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.