17 ақп, 2022 сағат 21:44

Президент: Бейбіт тұрғындарды лаңкестерден бөліп алуымыз керек


ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Qazaqstan» телеарнасына берген сұхбатында қаңтар трагедиясы кезінде бейбіт митингіні тәртіпсіздікке ұластырғандардың қайдан пайда болғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мен осы сұраққа бірнеше рет жауап бердім. Мұның алдын ала жоспарланған әрекет екені анықталды. Арнайы дайындықтан өткен қылмыстық топтар, лаңкестер оқиғаның бел ортасында жүріп, қарақшыларды, құқық бұзушыларды басқарды. Әрине, бұзақы топтардың арасында бейбіт азаматтар да болды», - деді Мемлекет басшысы. 

Оның айтуынша, арандауға ерген бейбіт шерушілерді лаңкестерден, қарақшылардан бөліп алуымыз керек. 

«Бұл – өте күрделі мәселе. Мұның бәрін тергеу жұмыстары анықтайды. Жалпы, мына нәрсені дұрыс түсінуіміз керек. Алаңда шыққандардың бәрін түгел бейбіт шеруші деп айтуға болмайды. Бұл ешқандай ақылға сыймайтын нәрсе. Көзі ашық, ары таза адам мұндай жалған тұжырымға ешқашан сенбейді. 

Ең алдымен, лаңкестер жағдайды ушықтырды. Олардың мақсаты – елдің тұтастығын бұзу, халықты қорқыту. Ал, бейбіт шерушілер солардың қармағына түсті. Қазір сол кінәсіз азаматтардың құқығын қорғауымыз керек. Мен әрбір іс бойынша мұқият тергеу жүргізу керек деп айттым. Адамдардың құқығын бұзған тұлғалар жазаға тартылады. Біз бұған қажетті шараның бәрін қабылдаймыз. Еш күмән болмасын», - деді Президент.