Басты мақсат - экономиканы үдету және халықтың әл-ауқатын арттыру. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Басты мақсат - экономиканы үдету және халықтың әл-ауқатын арттыру. Індетке және шектеу іс-шараларына қарамастан ел экономикасы жарты жылдың ішінде 2,2 пайызға өсті. Бұл - қуантарлық жайт. Былтыр пандемияның салдарынан ішкі жалпы өнім 2,6 пайызға төмендеді. Біз оны тезірек қалпына келтіруіміз керек», - деді Үкіметтің кеңейтілген отырысын ашқан Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, дағдарысқа қарсы іс-шаралардың және карантиндік шектеулердің төмендеуіне байланысты іскерлік белсенділік қалпына келді.
«Біздің міндетіміз - екінші жартыжылдықта экономика өсімі қарқынын арттыру», - деп атап өтті ҚР Президенті.
Қазіргі уақытта ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин 2021 жылдың 1-жартыжылдығындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы және жыл соңына дейінгі Үкіметтің жоспарлары жайында баяндауда. Одан кейін Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов сөз сөйлейді. Сондай -ақ Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстарының және Шымкент қаласының әкімі баяндама жасайды.