16 жел, 2022 сағат 09:10

Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады

Сурет ашық дереккөзден алынды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Құрметті отандастар!

1991 жылғы 16 желтоқсан - төл тарихымыздағы мерейлі белес. Бұл - егемен ел болуды аңсаған ата-баба арманы ақиқатқа айналған ұлы күн.

Тәуелсіздік күнінің айрықша мән-мағынасы бар. Азаттық үшін арпалысқан ұлт перзенттерін ел жадында мәңгі сақтау - қасиетті парызымыз. Олардың отаншылдық қасиеті - бүгінгі және болашақ ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге.

Біз тамыры терең мемлекеттігіміздің маңызды белестерін ұлықтап, ұлтты ұйыстыратын ортақ құндылықтарды нығайта береміз. Сол арқылы қастерлі Тәуелсіздігіміздің тұғырын биіктете түсеміз.

Тәуелсіздік - баға жетпес байлық. Бәріміз оны көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Мемлекетіміздің егемендігін, еліміздің амандығы мен жеріміздің тұтастығын қорғау - әр азаматтың қастерлі борышы.

Биыл еліміз үшін бетбұрысты жыл болды. Бұрын-соңды болмаған сын-қатерлермен бетпе-бет келдік. Елдігімізге іштен де, сырттан да зор қауіп төнді. Дегенмен мызғымас бірлік пен ырыс-ынтымақтың арқасында барлық қиындықты еңсеріп келеміз.

Біз ауқымды саяси және экономикалық реформаларды қолға алып, мемлекетімізді жаңғыртудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Бұл бастамаларды табысты жүзеге асыру - әрқайсымыздың қолымызда.

Егемен елімізді одан әрі дамыту - алдымызда тұрған басты міндет. Біз осы жолда аянбай еңбек етуіміз қажет. Сонда ғана Қазақстан қуатты мемлекетке айналады.

Баршаңызды бүгінгі ұлық мерекемен шын жүректен құттықтаймын!

Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін! Қазақстанымыз өркендей берсін! Қасиетті Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!" - деді Президент.