30 қаң, 2019 сағат 15:20

Президент Астана маңында заманауи шұжық зауытын салуды тапсырды

Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев елорда маңында шұжық шығаратын заманауи зауыт салуды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Астананың төңірегінде шұжық шығаратын суперзауыт салыңыздар. Бұған дейін осындай тапсырма берілген болатын», - деді Президент.

Өз кезегінде Премьер-Министрдің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев бұл зауыт биыл салынатынына  уәде берді.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы импортталатын азық-түлік өнімдеріне қатысты сын айтты.

«Бізде азық-түлік өнімінің импорты ел ішінде бағаның өсуіне ықпал етеді. Біз ауыл шаруашылығы өнімдерінің барлық түрін өндіреміз. Ішкі сұранысты қамтамасыз ету үшін әрбір тауар бойынша егжей-тегжейлі жұмыстар жүргізу керек. Өңделген етті сырттан тасымалдау деген не? Сүтті Беларусь елінен жеткізіп жатыр. Бізде жоқ өнімдер тасымалданса болады, ал елде бар өнімдер неге қажетті деңгейде шығарылмайды», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.