29 қаз, 2019 сағат 13:07

Президент Алматыдағы тарихи нысандардың күрелуіне байланысты пікір білдірді

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы кездесу барысында тарихи ғимараттар - «Алатау» кинотеатры мен Ғабит Мүсірепов атындағы жасөспірімдер театрының күрелуі жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу барысында Президент «бұрынғы қала құрылысы кезінде Алматының орталығы бойынша біраз қателік кеткенін» атап өтті.

«Мен жергілікті алматылық ретінде айтарым, Абылай хан көшесіндегі тарихи ғимараттың орнында үлкен тұрғын үйдің бой көтергеніне келісе алмаймын. Сонымен қатар, Қабанбай батыр көшесінің бойына үлкен қонақүй салып тастаған. Ол барлығын жауып тұр. «Алатау» кинотеатр ғимаратын күреудің не қажеті бар еді? Ол – алматылықтар үшін маңызды нысан. Сонымен қатар, оған біршама уақыт пен күш-жігер жұмсалған. Алматыда мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады», - деді Қ.Тоқаев.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Алматының орталығынан тығыз құрылысқа тыйым салынуы керектігін де айтты.

«Саябақтар санын көбейту қажет. Бұл қалалықтардың қызығушылығынан туған маңызды мәселе», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.