11 мау, 2022 сағат 17:16

Президент Әкімшілігінің басшысы Абай облысының жаңа әкімін таныстырды


11 маусымда жаңадан құрылған Абай облысының әкімі тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

5 маусымдағы рефрендумнан кейін қабылданған ҚР Конституциясына енгізілген өзгерістерге сәйкес, Мемлекет басшысы Абай облысы әкімі лауазымына жергілікті мәслихаттардың қарауына Смаилов Асхат Сайдахметұлы мен Ұранхаев Нұрлан Телманұлының кандидатураларын ұсынды.

Айта кету керек, облыс аумағында орналасқан мәслихаттар, Республикалық маңызы бар қалалар мен астана мәслихаттарының әкімдерді келісуі іс жүзінде алғаш рет жаңадан құрылған үш өңірде – Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында өткізілді. Бұл - конституциялық түзетулерге енгізілген тетіктерді іс жүзінде тексеруге жақсы мүмкіндік.


Жиналысқа Мемлекет басшысының атынан Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Мұрат Нұртілеу қатысты. Сондай-ақ Абай облысының барлық деңгейдегі мәслихаттарының жиналысына 114 депутаты қатысты.

Кандидаттар Абай облысының әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламаларын ұсынды. Мысал ретінде, кандидаттардың бағдарламалары жеңіл өнеркәсіпті қалпына келтіру, облыстың ауыл шаруашылығы, тау-кен өндірісі әлеуетін пайдалану сияқты негізгі бағыттарды қамтиды. Сонымен қатар Семей қаласында инженерлік инфрақұрылым мен коммуникация, жылу жүйесіне баса назар аудару керек екені атап өтілді.

Ашық дауыс беру нәтижесінде 25 депутат Асхат Смайыловқа, 89 депутат Нұрлан Ұранхаевқа дауыс берді.


Президент Әкімшілігінің басшысы жаңадан құрылған облыстың әкімін таныстыра келе, Нұрлан Ұранхаевтың Семей қаласында дүниеге келгенін және оның жауапты басқарушылық қызметтерде тәжірибесі мол екенін атап өтті. Мұрат Нұртілеу облысқа қазақтың ұлы ақыны Абай есімінің берілуі халықтың рухын көтеретін тарихи әрі әділ шешім болғанын айтты.

Кездесу соңында Мұрат Нұртілеу Нұрлан Ұранхаевқа облыс тұрғындарының игілігі үшін Президент жүктеген міндеттерді абыроймен атқаруды тіледі.


Айта кетейік, Ұранхаев Нұрлан Телманұлы – 57 жаста, Семей қалысында дүниеге келген.

Еңбек жолын өндірістегі слесарь-монтаждаушыдан бастаған. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының, Шығыс Қазақстан облысы әкімдіктерінің энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және құрылыс басқармаларының басшысы, ШҚО, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы ретінде қызметтерді атқарды. «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен марапатталған.


Жаңадан тағайындалған облыс әкімі қоғам өкілдері тарапынан да қолдау тапты. Сонымен қатар, Семей жұртшылығы жаңа Абай облысын құру туралы Президент шешімін үлкен қуанышпен қабыл алғандығын және Мемлекет басшысына зор алғыстарын білдірді. 

«Әрине, Абай облысының болуы ерекше қуаныш. Сонымен қатар, жаңа тағайындалған әкімге және баршамызға үлкен жауапкершілік. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді дана халқымыз. Хакім Абайдың атына кір келтірмей, білек сыбанып бірге жұмыс істейік ағайын. Тәуелсіз Қазақ Елінің көкжиегі көркем болсын!» - деді өз сөзінде Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығының директоры Тұрдықұл Шаңбай.