Былтырғыдай жем-шөп тапшылығы болмау үшін «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» форвардтық сатып алу аясында шаруашылықтарды жемшөп дайындауға ынталадыруы керек. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысында осындай тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Үкімет басшысы бұл бағытта мемлекеттік органдарға бірнеше нақты тапсырма жүктеді.
«Бірінші, Ауыл шаруашылығы министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар дақылдар мен жем-шөпті жеткілікті көлемде егуді қамтамасыз етсін. Өткен жылы еліміздің кейбір аймақтарында жем-шөппен қамтамасыз ету бойынша проблемалар болғанын білеміз. Биыл бұл жағдай қайталанбауы тиіс. Сондықтан «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» өзінің форвардтық сатып алуы аясында шаруашылықтарды осы жұмысқа ынталандыруы керек», - деді Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ ол шаруаларды сумен қамту шараларына да тоқталды.
«Екінші, Экология министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен және әкімдермен бірге жаз айларында шаруаларды сумен қамтамасыз ету шараларын қабылдасын.
Үшінші. Индустрия министрлігі әкімдермен бірлесіп, бірінші кезекте, ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін минералдық тыңайтқыштарды өндірушілермен жұмыс жүргізсін», - деді Премьер-Министр.