23 там, 2022 сағат 13:30

Премьер-министр жанармай бағасын бақылайтын комиссия құруды тапсырды


Премьер-министр Әлихан Смайылов бағаны бақылау және жанармай тапшылығын болдырмау жөніндегі комиссия құруды тапсырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Роман Васильевичке (премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр - еск.) өз жетекшілігімен бағаны бақылау және жанар-жағармай тапшылығын болдырмау жөніндегі тұрақты комиссия құруды тапсырамын. Ұлттық экономика министрлігі Бәсекелестікті қорғау агенттігі және әкімдіктермен бірлесіп бағаны негізсіз көтерген жағдайда тиісті шара қабылдауды қамтамасыз етсін", - деді Смайылов Үкімет отырысында.

Премьер-министр Индустрия министрлігі, "ҚазМұнайГаз" және ҚТЖ-ға мұнай өңдеу зауыттарынан мұнай өнімдерін уақытылы жөнелту бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

"Сонымен қатар, цифрлық даму және энергетика министрліктері дизель отынын жеткізудің тәуліктік лимиттерін бақылаудың ақпараттық жүйесін енгізуді жеделдетулері керек", - деді ол.