16 нау, 2019 сағат 13:11

Мамин Түркістан облысын дамыту перспективалары жөнінде кеңес өткізді

Бүгін Түркістан облысына ресми сапармен келген ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин қаланың даму перспективалары жөнінде кеңес өткізді. Оның барысында облыс орталығында нысандарды салу бойынша ағымдағы жағдай мен жүргізіліп жатқан жұмыстар барысы сөз болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Селекторлық режімде өткен кеңеске еліміздің бірқатар қала, облыс әкімдері мен министрліктердің өкілдері, жергілікті депутаттар мен басқарма басшылары қатысты. Отырыста Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығын, тұрғын үй алаптарын және әлеуметтік маңызы бар нысандарды салу барысы айтылды.

Облыс әкімі  Өмірзақ Шөкеев атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарының барысын баяндап, Бас жоспарға сәйкес салынатын 22 нысанның басым бөлігінің құрылысы басталғанын атап өтті. Алайда, 4 нысанның құрылыс алаңы қоршалғанымен, жұмыстар кешеуілдеп жатқанын жеткізді.

«Құрылысы басталмаған нысандар қатарында Астана алаңы, Туризм колледжі, жабық бассейні бар спорт кешені және Олимпиадалық резервтегі спорт мектебі бар. 5 нысанда жерді рәсімдеу жұмыстары аяқталып, жобаны әзірлеу мен құрылыс жұмыстарын бастау жөнінде өңірлер мен бизнес өкілдеріне ұсыныс берілді. Тұрғын үй кешендері мен музыкалық мектеп,  Қазпошта мен қалалық саябақ, Халыққа қызмет көрсету орталығы мен «Смарт сити» жобасы аясында байланыс желілерін тарту бойынша жобалар әзірленуде. Ағымдағы жылы 3 нысан (облыс әкімдігі, Медиа орталығы, саябақ) пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр», - деді Өмірзақ Шөкеев. 


Сонымен қатар аймақ басшысы әкімшілік ғимараттары, тұрғын үй кешендері, спорт, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және әлеуметтік салалардағы 80 нысан әкімшілік-іскерлік орталығына орналастырылғанын айтып өтті. Республикалық бюджеттен 2019 жылға 28,2 млрд теңге бөлініп, әкімшілік ғимараттардың, білім беру, тұрғын үй және инфрақұрылым нысандарының құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

«Әкімшілік-іскерлік орталығында жалпы 114 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда, 1200 пәтерлік арендалық 20 тұрғын үйдің  11-і маусым айында тапсырылады. Ал, 540 пәтерлік 9 тұрғын үй (желтоқсан айында пайдалануға беріледі.  Кредиттік 6 тұрғын үй тамыз айында тапсырылады. Олар тиісті инфрақұрылым жүйелерімен жоспарға сәйкес толық қамтамасыз етіледі. Сол сияқты «Түркістан» ӘКК және жеке инвесторлардың есебінен 88 тұрғын үйдің құрылысы жоспарлануда. Оның ішінде мемлекеттік қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 10,0 млрд теңгеге 26 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп,  жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Қалған 62 тұрғын үйді 2020 жылы тапсыру  жоспарланып отыр», - деді Өмірзақ Шөкеев. 

Еске салайық, Министрлер кабинетінің басшысы бүгін таңертең Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді. Ол бұған дейін облыстың жаңа әкімшілік іскерлік-орталығының, 7 мың орындық стадионның, Оқушылар сарайының құрылыс алаңында болды. Сондай-ақ тұрғын үйлердің, БАҚ өкілдеріне арналған жаңа Медиаорталықтың және өзге де нысандардың құрылысымен танысты.