29 мау, 2019 сағат 13:47

Премьер-Министр Арыс тұрғындарымен кездесіп, тұрғын үйлерді аралап көрді

Арыс қаласына келген Қазақстан Премьер-Министрі Асқар Мамин жарылыстан зардап шеккен халықтың жай-күйімен танысып, Түркістан облысының басшысы Өмірзақ Шөкеевпен бірге снарядтан зақым келген тұрғын үйлер мен нысандарды аралап көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үкімет басшысы төтенше жағдай салдарынан қираған тұрғын үйлер, 4 қабатты аурухана ғимараты, Халыққа қызмет көрсету орталығы және И.Журба атындағы мектепте болды. 

Одан кейін күні кеше үйлеріне оралған арыстықтармен сөйлесіп, оларға тиісті көмек көрсетілетінін жеткізді.

«Елбасы мен Президенттің тапсырмасы бойынша бүгін Арысқа келіп отырмыз. Бұл жағдай бойынша Үкіметтен арнайы комиссия құрылған. Алдағы бір айдың ішінде қалпына келтіру жұмыстары жасалады. Инфрақұрылым жаңадан тартылып, нысандар мен үйлерді жөндеуден өткіземіз. Барлық облыс әкімдерінің орынбасарлары осында келген. Енді, жұмыстар 17 секторға бөлініп жүргізіледі. Әрбір облыс өздерінің жауапкершілігін біледі. Жұмыстың көлемін де түсініп отыр. Әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым, инженерлік құрылымдар, мектептер мен ауруханаларды жөндейміз. Оның бәрі бір айдың ішінде дайын болады. Бірқатар облыс әкімдері осында келіп, жұмыстарын бастап жатыр», - деді Асқар Мамин. 

Өз кезегінде Арыс халқының тұрғындары Премьер-Министрге жасалып жатқан қамқорлық пен көмекке дән ризашылықтарын білдірді. Бір кісідей жұмылып, қол ұшын беріп жатқан барша қазақстандықтарға да алғыстарын айтты.

Сондай-ақ Үкімет басшысына биылғы жылы мектеп бітірген түлектерге тегін білім алуға қолғабыс жасалса деген тілектерін жеткізді.