Түркістан облысында польшалық инвесторлар талшықты-оптикалық жүйелер шығаратын зауыт салады. Заманауи технологиялар Түркістан қаласы аумағындағы жаңа әкімшілік ғимараттар мен тұрғын үй кешендерін салу кезінде қолданылмақ, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Түркістан» ӘКК» АҚ филиалы - «TURKISTAN INVEST» компаниясының сыртқы байланыстар жөніндегі басқарушы директоры Баян Каюпованың мәліметінше, мұндай шешім шетелдік кәсіпкерлердің Түркістанға арнайы сапары барысында қабылданған. TURKISTAN INVEST басшылығы мен польшалық FCA компаниясының өкілдері арасында кездескен.
Аталған компания - Польшадағы оптикалық телевизиялық жүйелер мен байланыс желілерін құру үшін пайдаланылатын талшықты-оптикалық жүйелер саласында қызмет етіп жүрген ең ірі компаниялардың бірі. Оның өнімдері жоғары сапалы, үнемді, берік және әдемі дизайнда шығарылады. Тағы бір маңызды тұсы - өндірілген өнім бағалары нарықтық бағадан төмен болады, және де Түркістан өңіріндегі талшықты-оптикалық жүйелер саласындағы тұңғыш өндіріс ошағы болмақ. Алдағы уақытта жобаны жүзеге асыру және іске қосу аясында жергілікті мамандар Польшада кәсіби оқудан өтеді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ортақ жұмыс жоспарын түзуге келісті. Оған сәйкес TURKISTAN INVEST қызметкерлері жобаның әр кезеңінде инвесторларға сүйемелдеу көрсетеді.
Сонымен қатар, Түркістан облысына жасаған іс-сапар аясында поляк кәсіпкерлері Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің басшылығымен кездесті. FCA өкілдері телекоммуникация және байланыс саласында қажетті кадрларды даярлауда университетпен ынтымақтастық орнатуға ниет білдірді. Келіссөз барысында болашақ мамандар теорияны тәжірибемен біріктіруге қолайлы зертхана құру туралы ұсыныс айтылды. Өз кезегінде, ХҚТУ басшылары өзара тиімді әріптестікке дайын екендіктерін білдірді.
Айта кетейік, TURKISTAN INVEST компаниясы мен FCA поляк компаниясы арасындағы ынтымақтастық 2018 жылдың қыркүйегінде Түркістан қаласында өткен «Ежелгі Түркістан - жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық форум аясында басталған болатын.