18 сәу, 2022 сағат 20:45

Польша-Беларусь шекарасында жүк көліктері тізіліп тұр


Польша-Беларусь шекарасында Еуроодақтан шықпақ болған жүк көліктері ұзын-сонар кезекте тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ВВС агенттігіне сілтеме жасап. 

Агенттіктің мәліметінше, ресейлік және беларусь жүк тасымалдаушылары ЕО-дан санциялар мерзімі аяқталғанша шығып кетуге тырысуда. 

Еуроодақ дәрі-дәрмек, пошта немесе мұнай өнімдерін тасымалдайтындарды қоспағанда, Ресей мен Беларусьтен келетін жүк көліктеріне Еуроодақ аумағына кіруге немесе сонда қалуға тыйым салды. 

Көліктердің кезегі 80 шақырымға дейін созылған. 

Айта кетейік, екі шекара бекетіндегі жүк көліктерінің саны 230-дан 400-ге дейін жетеді.

Беларусь Көлік министрлігі Еуроодаққа мүше елдерде тіркелген көліктерге қатысты оларға қарсы шаралар қабылдады. 

«2022 жылғы 16 сәуірде сағат 00:00-ден бастап Еуропалық Одақ аумағында тіркелген автокөліктерді (және тіркеп сүйрейтін көліктерді) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы Беларуське өткізуге тыйым салынады», - деп хабарлайды Беларусь Көлік министрлігінің сайты.

Олардың жүк операцияларын және қайта ағытуды жүзеге асыру үшін белгілі бір өткізу пунктілері арқылы арнайы белгіленген орындарға жүруіне бұл талап қолданылмайды.