Маңғыстау облысының полиция департаменті Ақтауда үш баласын өлтірді деген күдікке ілінген ер адамның "Жусан" бағдарламасымен Сириядан келгені туралы ақпаратты жоққа шығарды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Биыл наурыз айында балаларын өлтірген Ақтау тұрғыны қазақстандықтарды Сириядан қайтару жөніндегі "Жусан" бағдарламасының қатысушысы болғандығы және есепте тұрғандығы туралы учаскелік полиция инспекторының түсініктемесі қайтадан тексерілді.
Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейтіні анықталды. Сондықтан қызметкермен алдағы уақытта мұндай жағдайға жол бермеу туралы профилактикалық әңгіме жүргізілді", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, наурыз айында Ақтау қаласының 27 шағын ауданындағы үйдің пәтерінен 2011, 2014 және 2016 жылы туған балалардың мәйіттері табылды. Оларды өлтірді деген күдікпен 36 жастағы әкесі ұсталды. ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі (Адам өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.