17 қыр, 2019 сағат 19:17

Полиция Шамалғандағы апаттың куәгерлерін іздеп жатыр

Полиция Шамалған станциясындағы темір жол өткелінде болған жантүршігерлік апаттың куәгерлерін іздеп жатыр.

"15 қыркүйекте Алматы облысы Шамалған станциясындағы өткелде Алматы 1 – Қостанай бағытындағы пойыздың жолаушылар автобусымен соқтығысуына байланысты куәгерлер мен автобус жолаушыларынан көліктегі полиция департаменті қызметкерлеріне хабарласуды сұраймыз: 8-727-296-35-93, 8-701-555-78-02 және 8-775-643-00-04", - делінген ІІМ баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Бұған дейін ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлімдегендей, тергеу тобы автобус пен пойыздың соқтығысуына жолды бақылаушының да кінәлі болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

"Қазір оқиға орнында болып, соқтығысудың алдын алу үшін шара қолдануы тиіс болған бақылаушының кінәсі бар-жоғы анықталып жатыр. 344, 345-ші баптар бойынша қылмыстық істер қозғалды: бұл - жол қозғалысы мен темір жол көлігі қозғалысының қауіпсіздігі ережелерін бұзу", - деді Тұрғымбаев.

Еске сала кетейік, 15 қыркүйек күні кешке Алматы-Шамалған теміржол өткелінде "Алматы-Қостанай" бағытындағы жолаушылар пойызы мен Қаскелеңге бара жатқан рейстік автобус соқтығысты.

Соңғы мәлімет бойынша, бір адам – автобус жүргізушісі қаза болды, тағы үшеуі жан сақтау бөлімінде жатыр – ол 33 жастағы әйел мен екі баласы (үш және бес жасар).

Апаттың себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды.