10 шіл, 2023 сағат 13:09

Полиция өзіне қол жұмсамақ болған қыздың оқиғасына қатысты пікір білдірді

Фото: Polisia.kz

Алматы қалалық Полиция департаменті 2-қабаттың терезесінен секіріп кеткен қыз бойынша "өз-өзіне қол жұмсау" дерегіне сәйкес қылмыстық істің тоқтатылғаны туралы интернетте тараған ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлады, деп жазады ІІМ баспасөз қызметі.

"Қазір Қылмыстық кодекстің 105-бабы "Өзін-өзі өлтіруге итермелеу" және 194-бабы "Бопсалау" бойынша тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Тергеу барысында оқиғаның барлық қатысушысы мен куәгері анықталды. Басты күдікті белгілі болды. Қазір жан-жақтылық, толықтық және объективтілік қағидаттарын қатаң сақтай отырып, қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Қызды ұрып-соғып жатқан бейнеге қатысты тергеу оқиға 2022 жылдың желтоқсанында Шымкент қаласында күдікті және оның танысының қатысуымен болғанын анықтады. Алайда бұл дерек бойынша полицияға шағымдар түскен жоқ. Полицейлер жәбірленушіні іздестіріп жатыр.

Тергеу барысы Алматы қалалық полиция департаментінің басшылығының бақылауында", - делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, осыған дейін Алматыда 20 жастағы бойжеткен екінші қабаттың терезесінен секіріп, ауыр жарақатпен ауруханаға түскен болатын. Ол өзін пәтерге кіргізіп, ұрып-соққан жеті қыздан қашпақ болған. Олар қыздан 100 000 теңге бопсалап, тауып бермесе, жігіттерге жыныстық құлдыққа беретінін айтып қорқытқан.