Түлкібас ауданы полициясының басшысы Данияр Мейірхан уақытша қызметінен босатылды. Бұл туралы Түркістан облысының полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Бұған дейін ол алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталып, кейін кепілмен босатылған болатын, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Данияр Мейірхан тергеу барысында қызметінен шеттетілді. Оған қатысты істі Шымкент қалалық полиция басқармасы жүргізіп жатыр", - деп түсіндірді облыстық полиция департаменті.
Шымкент қаласы тергеу сотының мәліметінше, Данияр Мейірхан аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікке ілінді (ҚР ҚК 190-бабы, 4-бөлігі, 2-тармағы). Бұған дейін ол 40 миллион теңге сомасында кепілге босатылғаны белгілі болды.
"Біз 43 миллион 225 мың теңге тұратын автокөлікті кепілге қойдық. Кепіл затты Мейірханның достары берді. Сот кепілге кез келген мүлікті, яғни жылжымалы және жылжымайтын қабылдайды. Біз құны 43 миллион 225 мың теңге болатын автокөлік қойдық", - деп нақтылады Данияр Мейірханның адвокаттарының бірі Әлия Жаманбаева. Оның айтуынша, қазір ол үйде.