20 қар, 2019 сағат 12:52

Полиция есірткіге жарнама жасап, баннер ілгендерді іздеп жатыр - Алматы

Алматының орталық көшелерінде есірткі жарнамасы туралы баннерлер көпшіліктің наразылығын тудырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы қоғамдық белсендісі Әсем Жапишева Facebook парақшасында жазды.

Пост авторы мұндай жарнамалық баннерлерді бірнеше орталық көшеден көрген.

«Баннерде QR-код пен сайт атауы көрсетілген. Сол код арқылы сайтқа өтіп, стафф, спид, мефедрон, кристал басқа да заттарды алуға болатыны көрсетілген. Одан да сорақысы баннер ілген адамдар айфон, тағы басқа заттарды ойнату үшін байқау ұйымдастырған. Байқау талаптары – баннер қасында суретке түсіп, достар мен таныстарды тэгтей отыра әлеуметтік желіде жариялау керек. Тек бұл фитнес орталықтың жарнамасы емес, есірткі дилерлерінің жарнамасы», - деді ол.

Қоғам белсендісі мұндай баннерлердің Қазақстанның 5 ірі қаласы Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Шымкент, Өскемен, Алматыда бар екендігін айтты.

«Бұл дерек қалалық Полиция департаментінің есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бақылауына алынды. Құқық қорғау органдары тарапынан шұғыл шаралар қолға алынды. Тексеру нәтижесінде баннерді жариялаған компания анықталды. Жақын арада тапсырыс беруші де табылып қалады», - деді Полиция департаментінен.

Полиция қазір бұл баннерлерді алып тастауда.