Фото блогердің Facebook-парақшасынан
Журналист, блогер Сандуғаш Дүйсенова полицейлердің оны жалаңаш күйінде видеоға түсіргені туралы мәлімдеме жасады. Аталған жағдайға қатысты Жетісу облыстық Полиция департаменті жауап берді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"БАҚ-та және әлеуметтік желілерде азаматша Д. ұстау кезінде полиция қызметкерлері тарапынан заңсыз әрекеттер орын алғаны туралы ақпарат тарап жатыр. 11 тамызда соттың санкциясымен соталды тергеп-тексеру аясында азаматша Д. жеке тінтуі жүргізілгенін хабарлаймыз.
Жеке тінту рәсімі тергеуші, криминалист және екі куәгердің қатысуымен (барлығы тiнтілген адаммен бір жынысты) Қылмыстық-процестік кодексінің талаптарына қатаң сәйкес жүзеге асырылды. Осы тергеу әрекетін жүргізу кезінде ғылыми-техникалық құралдарды (бейнекамера) қолдану міндетті және ҚПК-мен реттеледі" - делінген Жетісу ПД хабарламасында.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде блогер әрі журналист Сандуғаш Дүйсенованың полиция бөлімінде жалаңаш күйде видеоға түсірілгені туралы ақпарат тараған болатын.