17 қар, 2018 сағат 11:53

Полиция басшысының есебі тыңдалды

Түркістан қалалық мәдениет үйінде ішкі істер басқармасының бастығы, полиция полковнигі Е.Қыдырбаевтың 2018 жылдың 10 айында атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды. Жиынға Түркістан қаласының әкімі Ә.Өсербаев, Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қ.Дәлбеков, қаланың ақсақалдар алқасы, ардагерлер кеңесі, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Баяндамашы ішкі істер басқармасының 10 айы көлемінде қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес бағытында атқарған жұмыстарына тоқталды.

- Жалпы есеп беру кезеңінде қылмыстық құқық бұзушылықтардың деңгейі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2027-ден 1821-ге немесе 10,2 пайызға, оның ішінде криминалдық полицияға қарасты бағыттағы қылмыстық құқық бұзушылықтардың да деңгейі өткен жылы 1858 орын алса, биыл 1637-ге яғни 11,8 пайызға төмендеді. Қала көлемінде орын алған барлық қылмыстардың жалпы саны былтырғы 149 фактіден биылға 139-ға төмендесе, олардың ашылу деңгейі өткен жылдың 10 айындағы 76,9 пайыздан 78,1 пайызға, оның ішінде аса ауыр қылмыстардың ашылуы былтыр 100,0 пайызды құраса, ауыр қылмыстардың ашылу деңгейі өткен жылы 73,2 пайыздан биылғы 76,2 пайызды құрап отыр, - дейді ішкі істер басқармасының бастығы, полиция полковнигі Е.Қыдырбаев.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстарына қарсы күрес туралы 2018-2020 жылдарға арналған бағдарламасы аясында басқарманың криминалдық полиция және жергілікті полиция қызметінің салалық қызметкерлері қалта, мал, пәтер, аккумулятор, трансформатор, дүкенді тонау ұрлықтарына басқарма басшылығының бұйрығымен өзара бірлескен топтар құрылып, бірқатар жұмыстар жүргізілген. Аталған топтардың атқарған жұмыстарының нәтижесінде Түркістан қаласы көлемінде ұрлық жасап жүрген 14 топ ұсталып, заң тұрғысында тиісті шешімдер қабылданған.

Сонымен қатар, жергілікті полиция қызметінің жұмысы бойынша қала көлемінде қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде жол-патрульдік полиция қызметкерлері нәтижелі жұмыс атқарған. Елбасының құқық қорғау қызметкерлері кез келген құқық бұзушылықтарға «Нөлдік төзімділік» ұстанымын қолдану жайлы қойған тапсырмаларын орындау барысында жергілікті полиция қызметінің салалық қызметкерлері көпшілік алдында орындарды ластаған, белгіленбеген орындарда темекі тартқан, спирттік ішімдік ішкен, ұсақ бұзақылықтар жасаған және басқа да құқық бұзушылықтарға жол берген 1310 азамат анықталып, оларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің талаптарына сәйкес шара қолданылған.


Ал, көші-қон саласы бойынша 2018 жылдың 10 айында қаламызға келген 42255 шетел азаматы (2017 жылы 45367 азамат) көші-қон қызметі бөліміне уақытша тіркеуге алынған. Қазақстан аумағында жүріп-тұру ережелерін бұзған 473 шетел азаматы анықталып, оларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің талаптарына сәйкес шара көріліп, жалпы 2966719 (екі миллион тоғыз жүз алпыс алты мың жеті жүз он тоғыз) теңге айыппұл өндірілгенін жеткізді.

Жиналыста жарыссөзге ішкі істер саласының ардагері Б.Нақыпов, облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Ж.Әзіретбергенов Түркістан қалалық ішкі істер басқармасының бастығы, полиция полковнигі Е.Қыдырбаевтың 2018 жылдың 10 айында атқарған жұмысына тоқталып, қанағаттанатындықтарын білдірді.

Жиында қала әкімі Ә.Өсербаев қалада қоғамдық қауіпсіздікті сақтауда ішкі істер саласы қызметкерлері уақытпен санаспай жұмыс атқаратынын, алдағы уақытта облыс орталығы ретінде полиция қызметкерлеріне жұмысты ширату керектігіне тоқталды. Сонымен қатар, Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қ.Дәлбеков облыс көлемінде атқарылған жұмыстарды кеңінен баяндап, жиналысты қорытындылады.

Қуаныш ТАСЫБАЕВ,

«Түркістан».