видеодан алынған кадр
Полиция атыраулық журналист Виктор Сутягиннің көлігінің өртенуіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, 11 мамыр сағат 04:21 шамасында Атырау қалалық полиция басқармасының қызметкерлері автопатрульдеу кезінде Наурызалиев көшесіндегі үйдің жанынан өртеніп жатқан Lexus RX-300 автокөлігін байқаған.
"Оқиға орнына дереу өрт сөндіру қызметі жіберілді. Жарылыс белгілері болған жоқ.
Оқиға орнында қажетті жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіледі. Өрттің шығу себебі де анықталып жатыр.
Жәбірленушінің арызы Қылмыстық кодекстің 202-бабының 3-бөлігі бойынша тіркелді" - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін БАҚ-та белгісіз біреу журналист Виктор Сутягиннің көлігін өртеп жібергені хабарланған еді. Оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Сутягин - Атырауда танымал журналист. Ол 67 жаста. "ҚазАқпарат" ХАА-тің меншікті тілшісі болып жұмыс істейді. Бұған дейін "Каспийская коммуна", "Караван", "Казахстанская правда" және басқа да ақпарат құралдарында қызмет еткен.