08 қар, 2022 сағат 23:02

Полиция Алматыдағы жантүршігерлік жол апатына қатысты мән-жайды айтты


Алматы қаласының полиция департаменті жантүршігерлік жол апатына қатысты мән-жайды айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz Telegram-арнасына сілтеме жасап.

"Жол-көлік оқиғасының сызбасына және бейнебақылау жүйелерін талдауға сәйкес бүгін сағат 14.05-те жеке тасымалдаушылардың біріне тиесілі МАЗ қоғамдық көлігінің 35 жастағы жүргізушісі Абылай хан даңғылымен оңтүстік бағытта келе жатып, Төле би даңғылының қиылысында бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өтіп кетіп, Төле би даңғылымен шығыс бағытта келе жатқан Golden Dragon маркалы автобуспен соқтығысқан. Көлікті 59 жастағы азамат басқарған.

Соқтығысудан кейін 98-ші бағыттағы қоғамдық көліктің жүргізушісі қозғалысын жалғастырып, жаяу жүргіншілерді қағып кеткен. Салдарынан жаяу жүргіншілердің бірі - 37 жастағы ер адам оқиға орнында көз жұмды" - делінген хабарламада.

Аталған дерек ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес тіркелген. Тиісті сараптамалар тағайындалды.