10 там, 2022 сағат 18:02

Полицейлерден қашқан Toyota Camry: кінәлілердің ұрлыққа да қатысы бар


Нұр-Сұлтанда полицейлерге бағынбай қашқан кінәлілердің мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісінің ұрлығына да қатысы бар болып шықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

“Есіл” ауданының Полиция басқармасына елорда тұрғыны белгісіз біреулер оның Kia Rio автокөлігінен мемлекеттік тіркеу нөмірін ұрлап кеткенін айтып арызданған.

"Арызданушы әлеуметтік желілердегі жаңалықтардан “Нұр-Сұлтандағы полицейлердің қуғынын” көріп, бейнероликтен тәртіп бұзған жүргізушінің жүксалғышында көрініп қалған өзінің мемлекеттік нөмірін таныған. Анықталғандай, МТНБ ұрланғаннан кейін оның иесі белгіленген жылдамдықты асырғаны үшін әкімшілік айыппұлдар туралы хабарламалар алған.


Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 61 мың теңгеден астам айыппұлды кінәлі тұлға төлейтін болады" - делінген ақпаратта.

Еске салсақ, бұған дейін полицияға екі ер адамның тауар үшін төлем жасаудан бас тартып, автокөлікпен қашып кеткені туралы хабарлама түскен. Олар полицейлердің заңды талаптарына бағынбай, қашып кетпек болған. Сот шешімімен екі тәртіп бұзушы да қамауға алынып, арнайы қабылдау-тарату орнына орналастырылды.