Алматы облысының полицейлері аймақта ыстық ауа райының сақталуына байланысты жүргізушілерге сақтық шараларын сақтау туралы өтініш білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Алыс сапарға жол жүруді таңертең немесе кешке, яғни күн жоқ кезде жоспарлау қажет. Дәрі-дәрмекті жүксалғышта емес, өзімен бірге қобдишасында ұстаған жөн және тәтті сусын емес, таза су ішуге кеңес береміз. Себебі тәтті сусын адамды шөлдете береді. Сондай-ақ күннің ыстығынан асфальт өз сапасын жоғалтады және тайғақ болады. Сондықтан жолда барынша абай болу керек. Көліктің суыту жүйесін үнемі бақылап, термометрдің »қызыл« аймаққа шығуына жол бермеу керек. Дизельді отын мен бензин жоғары температура кезінде буланады. Бұл өрттің шығуына әкелуі мүмкін. Осыған байланысты, барлығын алдын-ала тексеріп отыру қажет. Күннің аптап ыстығында жүрек-қантамыр және созылмалы аурулары бар жүргізушілерге осы кезеңде жол жүруден бас тартуға кеңес береміз. Көлікті жүргізіп келе жатып өзін жайсыз сезінетін болса, жүргізуші көлікті тоқтатуы керек. Жағдайы нашарлаған жағдайда тез арада 112 немесе 102 құтқару қызметіне қоңырау шалғаны жөн. Сондай-ақ ыстық ауа райында көптеген адамдарда бастың айналуы, әлсіздік, ұйқышылдық пайда болып, ұйықтау қаупі артатынын еске саламыз» делінген Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, облыстық ТЖД-і өңірдің тұрғындарына 19-22 шілде аралығында ауа температурасының 43 градусқа дейін көтерілетінін ескертіп, смс хабарлама таратқан болатын.