17 қыр, 2020 сағат 14:56

Полицейлер алтын ұрлап, оны жасырын өткізіп келген қылмыстық топты ұстады

ІІМ қызметкерлері прокуратурадағы әріптестерімен бірлесіп, бірнеше ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметіне тоқтау салды, деп хабарлайды Polisia.kz порталы.

Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері Ақмола облысындағы кәсіпорындардан шикізат ұрлау жүйесін жасаған. Олар алтынды өңдеу үшін әуелі жасырын мини-цехқа жеткізіп, кейін елден шығарып отырған. 

Арнайы операция барысында полицейлер ірі контрабандалық топтың жолын кесіп, 10 адамды ұстады. Оқиға орнынан заттай дәлел мен техникалық құралдар табылды. 

Ұйымдасқан қылмыстық топ құру және жетекшілік ету фактісі бойынша ҚР ҚК 262-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Осы бапқа сәйкес, қылмыскерлер 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

Жедел-тергеу шаралары жалғасып жатыр.