Фото: primeminister.kz
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов азық-түлік бағасының қымбаттауына байланысты әкімдерді сөкті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
"Біз былтыр қажетті қорды жинақтап алдық. Сондықтан көкөніс өнімдері жағынан тапшылығы болмауға тиіс еді. Әкімдерге бағаны ұстау үшін қажетті тетіктердің барлығын бердік, қаржы да бөлінді. Бірақ баға бәрібір өсіп келе жатыр. Әкімдіктердің тиімді жұмысын көріп отырған жоқпын. Жергілікті жерлерде аталған мәселеге салғырт қараудың салдарынан бағаның өсуі тоқтайтын емес", - деді Смайылов Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Осы орайда Премьер пияз мәселесін де еске салды. Әкімдерге алдын ала келісімшарт жасауға тапсырма берілген. Бірақ олар бірнеше рет пияз жеткілікті деп айтқан.
"Өңірлерге пиязды мердігерлікпен қамтамасыз ету тапсырылды. Әкімдер өз өңірлерінің сұранысын қанағаттандырдық деп бірнеше рет есеп берді.
Онда пияз неге қымбаттап жатыр? Бізде пияз көп өседі. Алайда бағаны төмендету үшін пияз экспортына тыйым салып, шұғыл шаралар қабылдауға мәжбүр болдық. Біз бірінші кезекте өнім өндірушілерді форвардтық сатып алу механизмдерін қайта қарадық. Алайда әкімдер жеткізушілерге қаржы бөлуді доғармай отыр. Өкінішке қарай, ол делдалдарды көбейткеннен басқа нәтиже беріп жатқан жоқ", - деп атап көрсетті Үкімет басшысы.
Бұдан бөлек, өңірлерге тұрақтандыру қорларын тиімді бағамен толтырып алуға мүмкіндік берілді. Бірақ тиімді жұмыс көрінбейді. Ал биыл инфляцияның деңгейін 9,5 проценттен асырмау қажет.
"Бұған қол жеткізуге әбден болады. Ол үшін тек барлық өңірдің азық-түлік бағасын тұрақтандыру, әсіресе, маусымаралық кезеңде бағаны ұстап тұру бойынша белсенді жұмысы қажет. Сіздерде қажетті құралдың бәрі бар", - дейді Смайылов.