26 шіл, 2022 сағат 16:00

Пияз экспортына шектеу қоюға қарсымыз - министр


ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі пиязды сыртқа шығаруға шектеу қою жөніндегі ұсынысты қолдамайды. Бұл туралы ведомство басшысы Ербол Қарашөкеев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Көкөніс өнімдері арасында пияздың бағасы өсті. Осы орайда, ішкі нарықта пияздың қоры жеткілікті екенін атап өткім келеді. Мәселен, ай сайынғы қажеттілік 25,9 мың тонна болса, бүгінгі күні пияз қоры 34,4 мың тоннаны құрайды. Маусым айынан бастап ерте пісетін пияз жиналып жатыр. Оның жалпы көлемі 90 мың тоннадан асады деп күтілуде. Бүгінде 35,2 мың тоннасы жиналды. Шілде айының соңына дейін және тамыздың бірінші жартысында 50 мың тоннадан астам пияз жинау жоспарланған», - деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде. 

Сондай-ақ, министр кейінгі кезде пиязды Қазақстан аумағынан сыртқа шығаруға шектеу шараларын енгізу мәселесі талқыланып жатқанын еске салды.

«Министрлік бұл мәселені қолдамайтынын атап өткім келеді. Қазіргі уақытта министрлік Түркістан және Жамбыл облыстары әкімдіктерімен бірлесіп, пияз өндірушілер мен өзге облыстар, қалалар әкімдіктері арасында келісімшарттар жасасу жұмыстарын жүргізуде. Кездесу қорытындысы бойынша пияз сату бағасы келісіне 220 теңгеден 110 теңгеге дейін төмендеді. Сонымен қатар, қыркүйектен бастап күзгі пиязды жинау басталады. Оның көлемі 1 млн тоннадан астам болады деп болжанып отыр. Ол ішкі нарықтың қажеттілігін толық көлемде қамтамасыз етеді. Осылайша, пияз көлемінің жеткіліктілігін және шектеу шараларын енгізудің қажеті жоқ екенін атап өтемін», - деді Ербол Қарашөкеев.