25 нау, 2022 сағат 15:52

Пітір садақа мөлшері жарияланды


Елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде биылғы пітір садақасының мөлшері анықталды, деп хабарлайды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы.

"Биыл пітір мөлшері 500 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды", - делінген ақпаратта.

Төралқа мәжілісінде наиб мүфти, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы пітір мөлшері республика бойынша 2 келі ұнның нарықтағы орташа бағасы негізінде бекітілгенін қаперге салды.

Сондай-ақ, ол биыл қасиетті Рамазан айы 2 сәуірде басталатынын, Өзбекстан, Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасымен кеңесіп, осындай ортақ шешім қабылданғанын атап өтті.

Айта кетсек, биыл Рамазан айы 2 сәуірде басталып, 1 мамырда аяқталады. Ораза 30 күн болмақ. 2 мамыр – Ораза айт күні. 27 сәуірден 28 сәуірге қараған түн – Қадір түні.