26 қаз, 2022 сағат 17:19

Пірматов рубль айналымы туралы: Қажет болса, ҰБ пен Үкімет шешім қабылдайды


Ұлттық банктің басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматов ел аумағындағы Ресей рублінің айналымы туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

БАҚ өкілдері Ұлттық банк өткізген брифингте "Ресей рублінің Қазақстан аумағындағы айналымын реттеу үшін шектеу қою мүмкін бе" деген сауал қойды.

Пірматов қазір жағдай бақылауда екенін, қажет болса Үкіметпен бірлесіп қажетті шешім қабылдауға болатынын айтты.

«Бұған дейін Президенттің Жарлығымен біздің елдің аумағынан шетел валютасымен ақша шығаруға шектеу қойылған. Ол Жарлықтың мақсаты – қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету және санкция тәуекелдерін азайту. Сәуірден бастап шілдеге дейін біз екінші деңгейлі банктердің кассаларында қолма-қол рубльдің жинақталғанын байқаған едік. Шілде-тамызда біз жинақталған қолма-қол ақшаның бәрін сыртқа шығаруға мүмкіндік бердік. Естеріңізде болса, ол 38,3 млрд рубль болатын», - деген Ұлттық банк басшысы қазір банк кассаларында ол кездегідей көп рубль жоқ екенін мәлім етті.

«Бүгінде, біздің соңғы мәліметтер бойынша, екінші деңгейлі банктердің кассасындағы рубль массасы шетін мөлшерде емес. Біз оны күнделікті бақылап отырмыз. Қажет болған жағдайда Ұлттық банк пен Үкімет қажетті шешім қабылдайды», - деді Ғалымжан Пірматов.