Pfizer вакцинасымен ақылы екпе жасау мүмкін емес. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінде вакцинаның бірінші компонентін 10 млн-нан астам адам алды. Спутник V вакцинасы 6,3 млн, QazVac вакцинасы шамамен 800 мың, «Синофарм» вакцинасы 1,8 млн, «Синовак» вакцинасы 250 мың, Pfizer вакцинасы 770 мың адамға салынды. Бұл вакциналардың ішінде төртеуі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сертификатына ие», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында.
Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта халықтың ревакцинация кезінде таңдау жасау мүмкіндігі бар.
«Өкінішке орай Pfizer компаниясы ақылы вакцинация жасауға келісім бермей отыр. Компания бұл түптеп келгенде жанама қайта сатылымға алып келеді деп санайды. Денсаулық сақтау министрлігі мен компания арасындағы келісімшартқа сәйкес, жанама қайта сатылымға рұқсат берілмейді. Осыған орай, Pfizer вакцинасымен ақылы түрде екпе жасау мүмкін емес деген шешімге келдік. Дегенмен, кеше ведомствоаралық комиссия мүмкіндігі шектеулі және 50 жастан асқан адамдарды ревакцинациялау туралы шешім қабылдады», - деді Жандос Бүркітбаев.