28 нау, 2022 сағат 16:50

Петропавлдағы жылу орталығындағы жағдай тұрақталып келеді


Петропавлдағы 2-жылу-электр орталығы соңғы апаттан кейін тағы екі қазандық агрегатын және бір турбинаны іске қосты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«СевКазЭнерго» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, 2-жылу-электр орталығындағы жағдай тұрақталып келеді. Қазіргі уақытта кәсіпорын жылу мен электр қуатын үздіксіз беріп жатыр. Орталықта 4 қазандық агрегаты мен 3 турбогенератор жұмыс істеп тұр. Тікелей келетін желілік судың температурасы 62 градусқа жетті. Тәулік ішінде энергетиктер тағы бір қазандық агрегатын қосуды жоспарлап отыр. 

Петропавлды жылумен қамту бүгін толық қалпына келеді. Мамандардың айтуынша, ыстық су тиісті мөлшерде беріліп жатыр, ал электр қуаты сөндірілген жоқ. 

Естеріңізге салайық, 26 наурыз күні кешкі сағат 21.30-да Петропавлдағы № 2 жылу-электр орталығында кезекті рет апат болып, бірнеше қазандық істен шықты.