26 наурызда сағат 21.30-да Петропавлдағы ЖЭО-2-де тағы да апат болды. Ақпаратты кәсіпорынның баспасөз қызметі растады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Қазіргі уақытта кәсіпорында екі қазандық және екі турбина жұмыс істейді. Желілік судың температурасы Цельсий бойынша 43-37 градус", - деді Петропавл әкімдігінің өкілдері.
Сондай-ақ, ЖЭО-2-де жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатқаны хабарланды. Олар қанша уақытқа созылатыны әлі белгісіз.
Еске салайық, 20 наурызда Петропавл ЖЭО-2-де 150 метрлік мұржаның бір бөлігі құлады. Оқиғадан кейін құтқарушылар бір тәуліктен астам уақыт кәсіпорын маманын іздеді. 22 наурызда 38 жастағы қызметкердің мәйіті үйінділердің астынан табылды. СҚО Прокуратурасы тергеу жүргізіп жатыр. 22 наурызда "ЖЭО-2" ЖШС директоры мен кәсіпорынның бас инженері ұсталып, Петропавл полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
ЖЭО-2-нің құлаған мұржасы 1961 жылы пайдалануға берілген. 2016 жылы құлаған құбыр жөнделген болатын. 2021 жылы қараша және желтоқсанда Петропавлдағы ЖЭО-2-де екі рет апат болды. Екі ретте де 2 қазандық істен шықты. Кейін қаланың бірнеше ауданы электр жарығынсыз қалған болатын.
815 рет оқылды