ҰҚК департаменті Солтүстік Қазақстан облысындағы "Жұмысшылардың халық кеңесі" мүшелерінің Қазақстанды қабылдамау және Қазақ КСР-ге оралу туралы мәлімдемесінен кейін тергеу бастады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"2023 жылғы 30 наурызда Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті әлеуметтік желілерде "Петропавл қаласы жұмысшыларының халық кеңесі" ("Народный совет трудящихся города Петропавловск") құрылғаны жөніндегі бейнероликті орналастыру дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 180-бабы 2-бөлігімен (БАҚ пайдалана отырып адамдар тобымен сепаратизмді насихаттау) соталды тергеп-тексеруді бастады", - делінген хабарламада.
Осы күні облыстық Полиция департаменті мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің тергеушілерінен жедел-тергеу тобы құрылған.
"Іс бойынша процесс прокурорлары айқындалды. Соталды тергеп-тексеру шеңберінде жедел-тергеу іс-шаралары, оның ішінде тінту мен алу жүргізіліп жатыр, сондай-ақ тиісті сот сараптамалары тағайындалды", - делінген хабарламада.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге деректер жарияланбайды. Тергеу барысы Бас прокуратураның бақылауында.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде кейбір "белсенділер" Қазақ КСР-нің 1937 жылғы Конституциясы негізінде "Жұмысшылардың халық кеңесі" құрылғанын жариялағаны туралы видеолар мен хабарламалар пайда болды. Сонымен қатар, видеода жиналғандар Қазақстан Республикасын "корпорация" деп атап, түрлі қастандық теорияларын алға тартады.