Петропавлда жолаушы автобус жүргізушісін қылғындырып өлтіре жаздады. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ішкі істер министрлігінің ресми Telegram-арнасының мәліметінше, 8 сәуірде сағат 19:30 шамасында Петропавлда 5 "М" бағытындағы автобуста жолаушы қажет аялдаманы өткізіп алып, жол ақысын төлеместен автобустың ортасындағы есіктен шықпақ болған.
Автобус Қизатов көшесіндегі аялдамада тоқтап тұрған кезде ер адам жүргізушімен және басқа жолаушымен жанжалдасып, бұзақылық әрекеттерін жасаған.
"Бұл дерек бойынша облыс орталығының 67 жастағы тұрғыны ұсталды.
ҚР ҚК 293-бабының 1-бөлігі “Бұзақылық” бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
Қазір тергеу жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Олардың нәтижелері бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады" - делінген хабарламада.